Сарыағаш ауданында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Сарыағаш қаласындағы «Самал-3» шағын ауданын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу жобасы.
Аталған құрылыс нысанының жұмыс барысын Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бақылап, жобаның орындалу қарқыны мен сапасын пысықтады. Нысанда жауапты мердігер мекеме өкілдері мен сала мамандарының есебі тыңдалып, құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеден кешікпеуі және барлық техникалық талаптардың сақталуы жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Қазіргі уақытта жоба аясында сыртқы ауыз су құбыры желілерін тарту жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Сонымен қатар сыйымдылығы 2000 текше метр болатын су сақтау резервуарының бетондау жұмыстары толық аяқталып, екінші көтерілімдегі сорғы станциясының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба шеңберінде тәулігіне 2000 текше метр ауыз суды тазартатын заманауи сүзгілеу кешені орнатылады. Бүгінде тазарту қондырғысы мен қалдық су жинақтау резервуарының қазаншұңқырын дайындау, топырақты нығыздау және бетондау жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі