Сарыағаш ауданында өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Дарбаза ауылдық округінде орналасқан өңірлік индустриялық аймақта жаңа өндірістік жобаларды іске асыру қарқынды жалғасып келеді.
Осыған орай, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза өңірлік индустриялық аймағына арнайы барып, өндірістік нысандардың құрылыс барысымен танысты. Аудан басшысы жауапты бөлім басшыларымен және мердігер ұйым өкілдерімен бірге құрылыс жұмыстарының қарқынын бақылап, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысын талқылады. Сонымен қатар, жауапты сала мамандарына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын жеделдетуді, кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсетуді және өндірістік нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, Дарбаза ауылдық округі аумағында жалпы көлемі 80 гектар болатын өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құрылды. Аталған аймақтың негізгі мақсаты – өндірістік кәсіпорындарды шоғырландыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту.
Қазіргі таңда «Сарыағаш» өңірлік индустриялық аймағын инженерлік инфрақұрылыммен, атап айтқанда электр энергиясымен, табиғи газбен және ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жобаның жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Инженерлік желілердің тартылуы жаңа өндіріс орындарының жұмысын тиімді ұйымдастыруға және қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Индустриялық аймақта алғашқы ірі жобалардың бірі – «Албарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс майын өндіру зауыты. Кәсіпорынға 3 гектар жер телімі бөлініп, зауыт биыл 29 сәуірінде іске қосылды. Жоба аясында аудан экономикасына 1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 25 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, индустриялық аймақта тағы үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «B.R.R. SAVDO»ЖШС құны 1 млрд теңгені құрайтын өсімдік майын өндіру цехының құрылысын жүргізуде. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда нысанның іргетасы құйылып, құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ «Сарыағаш май» ЖШС 1,5 млрд теңге инвестиция көлемімен өсімдік майын өндіру зауытын салуда. Жоба толық іске қосылған кезде 45 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жерді тегістеу және іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде.
Ал «Кирпичный завод Дарбаза» ЖШС құны 1 млрд теңгені құрайтын қыш өндіру зауытын салуды қолға алған. Жоба іске асқаннан кейін 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, бүгінде құрылысқа дайындық мақсатында жерді тегістеу жұмыстары жүргізілуде.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі