САРЫАҒАШ: ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БЕКЕТТЕР ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА

САРЫАҒАШ: ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БЕКЕТТЕР ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА

Сарыағаш ауданында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және мал шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Құркелес және Дарбаза ауылдық округтерінде жаңа ветеринариялық бекеттердің құрылысы жүргізілуде.

Осыған орай, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аталған ауылдық округтерде салынып жатқан ветеринариялық бекеттердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысандарды аралау барысында аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзіміне ерекше назар аударды. Жауапты сала басшыларына құрылыс барысына тұрақты бақылау жүргізіп, нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Қазіргі таңда екі нысанда да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ветеринариялық бекеттер заманауи талаптарға сай жабдықталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Жаңа ветеринариялық бекеттердің іске қосылуы ауылдық елді мекендерде ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттырып, мал ауруларының алдын алу, эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылау, профилактикалық іс-шараларды сапалы жүргізу және ветеринариялық қызмет көрсету деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығын дамытуға, өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға оң ықпал етеді.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі