Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес және Дарбаза ауылдық округтерінде жүргізіліп жатқан су арналарының механикалық тазалау жұмыстарының барысымен танысты.
Жұмыс алаңында жауапты мамандардың есебін тыңдаған аудан әкімі аудандық су шаруашылығы мекемесінің басшысы Ербол Алтынбаевқа тазалау жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, әрбір нысанда белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Қазіргі таңда Құркелес ауылдық округіне қарасты Дастан қашыртқысында ұзындығы 2 шақырым болатын су арнасын механикалық тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесінде су арналарының өткізу қабілеті артып, суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету деңгейі жақсарады.
Сонымен қатар, Ердәуіт елді мекені арқылы өтетін қашыртқыны механикалық тазалау жұмыстары да жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.
Аудан аумағындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын күтіп-ұстау, каналдар мен қашыртқыларды жүйелі тазалау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Бұл бағыттағы жұмыстар жауапты мекемелердің тұрақты бақылауында болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі