АРМАН АБДУЛЛАЕВ: «МӘСЕЛЕНІҢ ҚАРАЛЫП ЖАТҚАНЫ ЕМЕС, ОНЫҢ ШЕШІЛУ БАРЫСЫ МЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕСІ МАҢЫЗДЫ!»

АРМАН АБДУЛЛАЕВ: «МӘСЕЛЕНІҢ ҚАРАЛЫП ЖАТҚАНЫ ЕМЕС, ОНЫҢ ШЕШІЛУ БАРЫСЫ МЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕСІ МАҢЫЗДЫ!»
 
Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық полиция басқармасы мен төтенше жағдайлар бөлімі, дербес бөлімдер мен мемлекеттік мекемелердің жетекшілері, сондай-ақ қала және ауылдық округ әкімдері қатысты. Аппараттық мәжілістің күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін үш өзекті мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Амирханов баяндама жасап, ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған кәсіпкерлік нысандарын іске қосу, аудан аумағындағы өндірістік парк пен Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриалды аймақты дамыту жөніндегі жұмыстардың барысы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудан аумағындағы үгіт-насихат құралдарының жай-күйі болды. Бұл бағытта аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зәуре Хамзаева баяндама жасап, аудан аумағындағы билбордтардың, ақпараттық тақтайшалардың және өзге де көрнекі ақпарат құралдарының қазіргі жағдайы, олардың мазмұны мен талаптарға сәйкестігі туралы мәлімет ұсынды.
Үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімшесінің бас инспекторы Жасұлан Әбдімәлік орындаушылық тәртіптің жай-күйі туралы баяндады. Ол облыс және аудан әкімдерінің хаттамалық тапсырмалары мен бақылаудағы құжаттардың орындалу деңгейіне тоқталды.
– Мәселенің қаралып жатқаны туралы есеп беру жеткіліксіз. Ең бастысы – оның нақты шешілу барысы мен тұрғындарға беретін оң нәтижесі. Әр тапсырма уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс. Әрбір басшы өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, белгіленген мерзімде нақты нәтиже көрсетуі қажет, – деді аудан әкімі.
Мәжіліс қорытындысы бойынша берілген барлық тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, оларды орындаудың нақты мерзімдері белгіленді. Арман Абдуллаев көтерілген әрбір мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріп, жауапты бөлім басшылары мен қала және аудан әкімдеріне жұмыстың сапасы мен нәтижесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауында ұстайтынын айтып, жауапты тұлғаларға орындаушылық тәртіпті күшейтуді қатаң тапсырды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі