Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Отбасы LIFE» облыстық отбасылық байқауында Сарыағаш ауданының намысын қорғаған жас отбасылар жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындар мен арнайы номинацияға ие болды.
Байқаудың негізгі мақсаты – жас отбасыларды қолдау, отбасы институтының қоғамдағы рөлін нығайту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеу, сондай-ақ жас отбасылар арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықты дамыту.
Облыстық байқауға Түркістан облысының аудан-қалаларынан іріктелген 14 жас отбасы қатысып, бес кезең бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, шығармашылық қабілеттері, жан-жақтылығы, ұйымшылдығы және отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында өз өнерлері мен білімдерін ортаға салды.
Байқау қорытындысы бойынша Сарыағаш ауданынан қатысқан Шәріпбаев Дастан мен Әбен Гүлбаршынның отбасы ІІІ орын иеленсе, Әуезхан Мадиярхан мен Әлімбекқызы Қалжанның отбасы «Берекелі отбасы» арнайы номинациясымен марапатталды.
Бұл жетістік – аудан жастарының белсенділігі мен отбасы құндылықтарын дәріптеуге қосып жүрген үлесінің айқын көрінісі. Жас отбасылардың жетістігі өзгелерге үлгі болып, қоғамда отбасы институтының маңызын арттыруға өз септігін тигізері сөзсіз.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі