САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА “ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА “ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында кезекті ауқымды сенбілік өткізілді. Аталған іс-шара аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Жалпыхалықтық сенбілікке аудан әкімдігіне қарасты мекемелердің қызметкерлері, ауылдық округ әкімдіктері, коммуналдық сала мамандары, еріктілер мен аудан тұрғындары белсенді қатысты. Тазалық жұмыстары Сарыағаш қаласы мен ауданға қарасты 13 ауылдық округтің аумағында жүргізіліп, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, ішкі көшелер мен қоғамдық орындар қамтылды.
Іс-шара барысында жол жиектерінде және қоғамдық орындарда бейберекет тасталған тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар көше бойларындағы арамшөптер шабылып, арық-атыз жүйелері тазартылды. Елді мекендердің келбетін жақсарту мақсатында әктеу, сырлау және абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізілді.
Айта кетсек, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында елді мекендерді абаттандырудың жаңа қағидалары күшіне енді. Осыған сәйкес аумақтарды күтіп ұстау, санитарлық тазалықты сақтау және қоғамдық орындардың жай-күйіне қойылатын талаптар күшейтілді. Осы бағытта Сарыағаш ауданында түсіндіру және бақылау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі