Сарыағаш қаласындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес қарқынды түрде жалғасуда. Жобаның негізгі мақсаты – жолаушыларға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи талаптарға сай қызмет көрсету орталығын қалыптастыру.
Құрылыс нысанындағы жұмыстардың барысымен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы танысып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тұрғындар мен аудан қонақтары үшін аса маңызды екенін атап өтіп, барлық жұмыстардың құрылыс талаптары мен қауіпсіздік нормаларына сәйкес жүргізілуін тапсырды.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында 107 жұмысшы еңбек етуде. Сонымен қатар, 6 арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінде вокзал ғимаратының сыртқы қасбетін әрлеу, сыртқы баспалдақтарға гранит төсеу, ішкі инженерлік желілерді жүргізу, сондай-ақ ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан Темір Жолы» АҚ. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарын «Bold Construction Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі