Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, мемлекеттік мекемелер мен дербес бөлімдердің басшылары, сондай-ақ қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілісте ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен 2026–2027 оқу жылына дайындық мәселелері қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Айсұлу Қалдықараева баяндама жасап, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, жөндеу жұмыстарының орындалуы, нысандардың жалпы жай-күйі және алдағы жылыту маусымына дайындық барысына тоқталды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Азамат Мұратов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жергілікті бюджеттің орындалу барысы туралы баяндама жасап, негізгі индикаторлардың орындалуы, бюджет кірістерінің игерілу деңгейі және алдағы кезеңнің міндеттерін баяндады.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа оқу жылына дайындық, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуы және бюджет қаражатының тиімді игерілуі әрбір жауапты басшының тұрақты бақылауында болуы керектігін атап өтті.
– Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік.Сондықтан жүктелген тапсырмалардың орындалуына немқұрайлы қарауға болмайды. Әрбір мәселені уақытылы, сапалы және нәтижеге бағыттап орындау қажет. Тәртіп пен жауапкершілік бар жерде ғана нақты нәтиже болады. Осы қағиданы әрқайсымыз күнделікті жұмысымыздың басты ұстанымына айналдыруымыз керек, – деді аудан әкімі.
Жиын қорытындысында Арман Абдуллаев жауапты бөлімдер мен қала және ауылдық округ әкімдеріне күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, олардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі