САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА МАГИСТРАЛДЫ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА МАГИСТРАЛДЫ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА
 
Сарыағаш ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар тұрақты бақылауда. Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев аудан аумағында жүргізіліп жатқан магистралды ауыз су құбырларын қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысып, жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдерінің атқарған жұмыстарын саралады.
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Сарыағаш қаласы мен ауданға қарасты елді мекендерді қамтитын «Сарыағаш топтық су құбырын толықтыру үшін магистралды су таратқышын реконструкциялау» (І кезең, І іске қосу кешені) жобасы әзірленген. Жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Аталған жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су комитеті. Ал мердігер мекеме – «Тараз Строй 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қазіргі таңда магистралды су құбырларында анықталған техникалық ақауларды жою жұмыстары жүргізілуде. Жалпы екі магистралды құбырдың біріндегі ақаулар толық қалпына келтіріліп, жүйеге су жіберілді. Екінші құбырдағы ақауларды жою жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
Сонымен қатар, аудан әкімі Қабланбек елді мекеніндегі ауыз су қоймасының жай-күйін пысықтады. Арман Абдуллаев жауапты сала басшыларына жөндеу жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтап, ауыз су жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы баяндауды тапсырды.
Қазіргі уақытта магистралды ауыз су құбырынан ауыз су қоймасына қажетті көлемде су жинақталған.Алайда екінші көтерілімдегі сорғы станциясында электр кернеуінің төмендеуіне байланысты сорғы жабдықтарында техникалық ақаулар орын алған. Қазіргі уақытта сорғы қондырғыларын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін Қабланбек елді мекеніне ауыз су беру қайта қалпына келтіріледі. Елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуші мекеме – «Сарыағаш-Тұрмыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі