
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округі мен Сарыағаш қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі бағыттары мен оны іске асыру тетіктерін кеңінен түсіндірді.
Кездесу барысында тұрғындарға бағдарлама аясында берілетін жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиенің шарттары, қаржыландыру тәртібі, қаражатты тиімді пайдалану жолдары, сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту, шаруа қожалықтарын кеңейту және ауыл кәсіпкерлігін қолдауға арналған мемлекеттік мүмкіндіктер туралы толыққанды мәлімет ұсынылды.
Аудан басшысы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниет білдірген азаматтарға құжаттарды әзірлеу, рәсімдеу және өтінімдерді сүйемелдеу жұмыстары бойынша ауданның жауапты бөлімдері қажетті әдістемелік әрі ұйымдастырушылық қолдау көрсететінін атап өтті.
Жиын соңында аудан әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырудың сапасын арттыруды және тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Әмірхановқа, сондай-ақ Жылға ауылдық округі мен Сарыағаш қаласының әкімдеріне тапсырды. Берілген міндеттердің орындалуын үйлестіру және бақылау аудан әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаевқа жүктелді.
Кездесудің басты мақсаты – ауыл тұрғындарын мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кеңінен хабардар ету, олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның мүмкіндіктерін жан-жақты таныстыру болды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі