САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ МЕРЕЙІН ӨСІРГЕН ЧЕМПИОНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ МЕРЕЙІН ӨСІРГЕН ЧЕМПИОНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
 
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ауданның абыройын асқақтатқан жас спортшыларды қабылдады.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және мәслихат депутаттары қатысып, жеңімпаз спортшыларға құрмет көрсетті.
Кездесу барысында аудан басшысы спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, олардың жеңістері үлкен еңбектің, табандылықтың және кәсіби шеберліктің нәтижесі екенін атап өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар табысталып, қаржылай сыйлықтар берілді.
Қажымұқан атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі, аталған спорт мектебіне қарасты АБК бокс клубының спортшысы Нәлібай Шұғыла Ерболатқызы 2026 жылдың 3–16 шілде аралығында Индонезия Республикасының астанасы Джакарта қаласында өткен 23 жасқа дейінгі (U23) қыздар арасындағы Азия чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жарыс барысында жоғары шеберлік танытып, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңген Шұғыла Ерболатқызы Азия чемпионы атанды. Спортшының жаттықтырушысы – Болат Белосаров.
Сонымен қатар, Қажымұқан атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Зайнул Нұрбала 2026 жылдың 18–19 шілде аралығында Иорданияның Амман қаласында өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы дзюдодан Азия чемпионатында 52 келі салмақта сынға түсіп, барлық белдесулерінде жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды. Жас спортшының жаттықтырушысы – Олжабай Бейсенбаев.
Джиу-джитсу спортынан да Сарыағаш спортшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қажымұқан атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Жусанова Айша 2026 жылдың 9–14 ақпан аралығында Таиландтың Бангкок қаласында өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар ол Ташкент қаласында өткен джиу-джитсудан Әлем кубогының жеңімпазы және Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы атанған. Спортшының жаттықтырушысы – Серік Мақұл.
Ал Сатай Балқадиша 2026 жылдың 12–19 шілде аралығында Алматы қаласында өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы джиу-джитсудан Азия чемпионатында 63 келі салмақта бақ сынап, қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ ол Ташкент қаласында өткен Әлем кубогының жеңімпазы және Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Жаттықтырушысы – Серік Мақұл.
Кездесу соңында аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және мәслихат депутаттары жас спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, Сарыағаш өңірінің спорт саласындағы жетістіктері арта беруіне ізгі тілектерін білдірді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі