САРЫАҒАШ: «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

САРЫАҒАШ: «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ


Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ақжар және Жемісті ауылдық округтеріне тұрғындарымен, шаруа қожалықтарының басшыларымен және кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Жиын барысында қатысушыларға бағдарлама аясында жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру тәртібі, қаржыландыру талаптары, несие қаражатын тиімді пайдалану жолдары және шаруа қожалықтарын кеңейту, мал басын көбейту, берілетін қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Аудан әкімі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниетті азаматтарға тиісті бөлім тарапынан құжаттарды әзірлеу, жинақтау, рәсімдеу және өтінімдерді толық сүйемелдеу бойынша қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Кездесу қорытындысында аудан басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасын сапалы іске асыру және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Әмірхановқа, Ақжар және Жемісті ауылдық округінің әкімдеріне тапсырды. Сонымен қатар, аталған жұмыстардың орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаевқа жүктелді.

Айта кетсек, кездесудің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен түсіндіру және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктері бойынша ақпарат беру.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі