САРЫАҒАШ: ҚҰРЫЛЫС ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

САРЫАҒАШ: ҚҰРЫЛЫС ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА


Сарыағаш ауданында құрылыс, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамыту, көшелердің сәулеттік келбетін жақсарту және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру – ауданның басым бағыттарының бірі.

Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев аудан аумағындағы бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тұрақты бақылауда.

Бүгінде аудан әкімі Сарыағаш қаласын кесіп өтетін республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының бойында жүргізіліп жатқан көркейту жұмыстарымен де танысты. Аталған аумақта жаяу жүргіншілер жолына брусчатка төсеу, жол бойындағы нысандардың сыртқы бөліктерін сәндік таспен қаптау және аумақты ретке келтіру жұмыстары жалғасуда.

Сонымен бірге, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және қала көшелерін сапалы жарықтандыру мақсатында А-15 автомобиль жолының бойына жаңа үлгідегі жарықтандыру бағаналары орнатылуда. Бұл жұмыстар жол қозғалысына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, қаланың заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қала аумағындағы тозығы жеткен қоршауларды жаңарту, бірыңғай сәулеттік талапқа сәйкестендіру және қоғамдық орындардың эстетикалық көрінісін жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Аудан әкімі құрылыс пен абаттандыру жұмыстарының әр кезеңі сапалы орындалуы қажет екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға құрылыс нормаларын қатаң сақтауды, нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді және әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі