САРЫАҒАШ: АУДАНДА АСТЫҚ ОРУ НАУҚАНЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

САРЫАҒАШ: АУДАНДА АСТЫҚ ОРУ НАУҚАНЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Сарыағаш ауданында жазғы астық ору науқаны жоспарлы түрде жүргізіліп, дала жұмыстары қарқын алды. Аудан диқандары қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, піскен егінді уақытылы жинап, мол өнімді ысырапсыз қамбаға құю жолында аянбай еңбек етуде.

Осыған орай, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жұмыс сапарымен Дарбаза ауылдық округіне барып, астық ору науқанының барысымен танысты. Жұмыс жағдайына назар аударып, егін жинау жұмыстарының ұйымдастырылуы мен техника дайындығын бақылады.

Аудан әкімі «Қазығұрт Байтерек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Спандияр Байғұловпен кездесіп, шаруашылықтың биылғы көрсеткіштерімен танысты.

Аталған шаруашылықта биыл жалпы 1050 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 637 гектар алқапқа бидай себіліп, әр гектардан орта есеппен 14 центнерден өнім алынуда. Сондай-ақ 413 гектар жерге мақсары дақылы орналастырылған.

Аудан әкімі егін орағын қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, шаруаларға мол өнім жинауға тілектестік білдірді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және озық агротехнологияларды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында астық ору науқаны барлық ауылдық округтерде жоспарға сәйкес жүргізіліп, диқандар алтын дәнді дер кезінде жинап алуға күш жұмылдыруда.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі