Сарыағаш ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Комиссия отырысына аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудан прокуроры Мақсат Мошқалов, комиссия мүшелері, аудандық дербес бөлімдердің басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары қатысты.
Күн тәртібінде аудан аумағындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған үш өзекті мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Сарыағаш аудандық полиция басқармасы мүліктік қылмыстардың, атап айтқанда пәтер, автокөлік, мал, қалта және ұялы телефон ұрлықтарының алдын алу, олардың орын алу себептері мен жағдайларын жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Қабланбек және Жартытөбе ауылдық округтерінің әкімдері өз аумақтарындағы профилактикалық шаралар жөнінде қосымша ақпарат берді.
Екінші мәселе аясында заңсыз ойын бизнесіне, онлайн-казинолардың қызметіне және қаржылық пирамидалардың әрекеттеріне қарсы күрес пен олардың алдын алу бағытында қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Сарыағаш аудандық полиция басқармасы баяндаса, ауданның ішкі саясат бөлімі халық арасында жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жөнінде мәлімет берді.
Үшінші мәселе ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жұмыстар қаралды. Бұл бойынша ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасыны қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Отырыс барысында қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Жиын қорытындысында комиссия төрағасы Арман Абдуллаев айтылған мәселелер бойынша берілген хаттамалық тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, жауапты мекемелердің жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі