САРЫАҒАШ: ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ НАЗАРДА

САРЫАҒАШ: ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ НАЗАРДА


Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, алдын ала жазылған аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, ауданның дербес бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері қатысып, тұрғындар көтерген мәселелердің шешу жолдарын жан-жақты қарастырды.

Қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй кезегі, жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым және өзге де жеке мәселелер бойынша өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Әрбір өтініш қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Бірқатар мәселелер қабылдау барысында өз шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынды.

Сонымен қатар, қабылдау кезінде аудан орталығындағы «Алып» сауда қалашығы аумағында кәсіпкерлік қызметпен айналысатын саудагерлер аталған аумақта орнатылған жол белгілеріне қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін жеткізді. Осыған байланысты аудан әкімі Арман Абдуллаев қабылдау аяқталғаннан кейін арнайы «Алып» сауда қалашығына барып, кәсіпкерлермен және жауапты сала мамандарымен кездесті.

Аудан басшысы сауда қалашығы маңындағы көлік қозғалысын ұйымдастыру барысымен танысып, көлік кептелісін азайту, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындар мен келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы жол белгілерінің орнатылғанын түсіндірді. Сондай-ақ автотұрақ аумағын аралап, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді заң талаптарына сәйкес талқылады.

Кездесу барысында сауда қалашығы аумағында келушілердің автокөліктерін ыңғайлы орналастыру мақсатында арнайы екі автотұрақтың қарастырылғаны айтылып, олардың тиімді пайдаланылуы жол қозғалысын реттеуге және көлік кептелісінің алдын алуға мүмкіндік беретіні түсіндірілді. Сонымен қатар жауапты мекемелерге көтерілген ұсыныстарды заң талаптарына сәйкес зерделеп, тиісті жұмыстарды жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі