САРЫАҒАШ: САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

САРЫАҒАШ: САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Осыған сәйкес, аудан аумағында әр сенбі сайын жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Кезекті тазалық шарасының барысын аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы бақылап, «Қапланбек» кеден бекеті мен оған іргелес аумақтарды жауапты бөлім басшыларымен, аудандық полиция басқармасының және тиісті мекемелердің өкілдерімен бірге аралады.
Аралау барысында аумақтың санитарлық жағдайы, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, жол жиектерін күтіп-ұстау, заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу және абаттандыру жұмыстарының сапасы зерделенді. Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне тазалық жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстауды, белгіленген кестеге сәйкес жүргізуді және мемлекеттік мекемелердің өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес санитарлық тазалық талаптарының сақталуын бақылау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылған. Жұмысшы топ аудан аумағында тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізіп, санитарлық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізеді. Заң талаптарын бұзған жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады.
Айта кетсек, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидалары» қолданысқа енгізілді. Аталған қағидалар жергілікті атқарушы органдардың елді мекендерді күтіп-ұстау, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, жасыл желектерді қорғау, қалдықтарды басқару және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытындағы жұмыстарын біріздендіруге арналған. Сонымен қатар, санитарлық талаптарды бұзу және ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластау фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осыған байланысты аудан аумағында профилактикалық түсіндіру жұмыстары мен бақылау іс-шаралары күшейтіліп, тазалық талаптарының сақталуына ерекше назар аударылуда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі