САРЫАҒАШ: ТАЗАЛЫҚ - БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

САРЫАҒАШ: ТАЗАЛЫҚ - БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Аталған бастаманың басты мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және туған өлкенің табиғи тазалығын сақтау.
Осыған орай, аудан көлемінде кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары таңғы сағат 07:30-дан бастап ауданға қарасты 13 ауылдық округ пен Сарыағаш қаласының барлық белгіленген аумақтарында бір мезгілде басталды. Сенбілік барысында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, ішкі көшелер, қоғамдық орындар, саябақтар мен әлеуметтік нысандардың айналасы тазартылды. Сонымен қатар, жол жиектеріндегі шөптер шабылып, арық-атыздар мен су өткізу арналары қоқыстан тазартылды. Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы техникалардың көмегімен қоқыс полигондарына шығарылды.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев сенбілік жұмыстарына арнайы қатысып, мемлекеттік қызметшілермен, жастармен және коммуналдық мекеме қызметкерлерімен бірге Сарыағаш қаласының орталық көшелерінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Аудан басшысы санитарлық тазалықты сақтау – тек сенбілік күндері ғана емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті.
– Таза қоршаған орта – тұрғындардың денсаулығы мен жайлы өмір сүруінің кепілі. Әрбір азамат туған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, табиғатты қорғауға өз үлесін қосуы қажет. Сонда ғана ауданымыздың ажары артып, келешек ұрпаққа көрікті де таза өлке қалдырамыз, – деді аудан әкімі.
Сарыағаш ауданында абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарға тұрғындардың белсенді атсалысуы ауданның экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, қоғамдық жауапкершілік пен ортақ мәдениеттің қалыптасуына да оң ықпал етеді.
Туған жердің тазалығы – әрбір азаматтың ортақ парызы. Сондықтан аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, қоғамдық орындарды күтіп-баптауға және тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырамыз!
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі