САРЫАҒАШ : ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАЙТЫН ЖАҢА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

САРЫАҒАШ : ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАЙТЫН ЖАҢА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ


Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, суретші-график, кескіндемеші, мүсінші Абдуахат Тұрғанбекұлын қабылдап, оның өңірдің сәулеттік келбетін айшықтауға арналған авторлық жобаларымен танысты.

Кездесу барысында белгілі өнер иесі «Алтын ағаш» кеңістіктік композициясы мен «Домбыра » атты жобасын ұсынып, олардың көркемдік тұжырымдамасы, ұлттық-рухани мазмұны және қоғамдық кеңістіктегі орны туралы кеңінен әңгімеледі.

Аудан әкімі ұсынылған жобалардың идеялық мазмұнына оң бағасын беріп, қазіргі таңда Сарыағаш қаласының жаңа бас жоспары әзірленіп жатқанын атап өтті. Осыған орай жаңа әкімшілік аумақта сәулеттік-композициялық нысандарды орналастыру мүмкіндігін жан-жақты қарастыру қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар, аудан басшысы ауданның сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөліміне ұсынылған жобаларды зерделеп, оларды қаланың сәулеттік тұжырымдамасына сәйкестендіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен келушілердің жайлы демалуына, серуендеуіне, ұлттық нақыштағы заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру бойынша ұсыныстарды дайындауды жүктеді.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі