Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев кезекті жеке қабылдау өткізіп, алдын ала жазылған ауданның 29 тұрғынын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары мен ауданның дербес бөлім басшылары қатысып, азаматтар көтерген мәселелердің шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік көмек, тұрғын үй кезегі және өзге де жеке сипаттағы мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді.
Қабылдау барысында аудан әкімі тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, олардың әрқайсысы заң талаптарына сәйкес қаралатынын атап өтті.
-Әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалмайды. Көтерілген мәселелер заң талаптарына сәйкес жан-жақты зерделеніп, мүмкіндігінше оң шешімін табуы үшін барлық тиісті шаралар қабылданады. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – біздің жұмысымыздың басты қағидаты, – деді Арман Абдуллаев.
Қабылдау барысында бірқатар тұрғындардың сауалдарына заң талаптарына сәйкес түсіндірме беріліп, қосымша қарауды қажет ететін мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар, аудан әкімі әрбір өтініштің орындалу барысы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Айта кетсек, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының жалпы және әкімшілік бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе Сарыағаш ауданы әкімі аппаратына жазбаша өтініш беру арқылы тіркелуге болады. Қосымша ақпарат үшін: +7 (725 37) 7-97-13.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі