Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылымдағы кезекті қырық бесінші сессиясының отырысына қатысты.
Сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиынды аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы ашып, күн тәртібіне сәйкес 17 мәселе қаралды. Отырыс барысында Сарыағаш ауданының және қала, ауылдық округтердің 2025 жылғы бюджеттерінің орындалуы, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы мақұлдаған бюджеттердің атқарылуы, ауданның 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуы, аудандық кірістер басқармасы, білім бөлімі, экономика және қаржы бөлімі, жер қатынастары бөлімінің атқарған жұмыстары, сондай-ақ Көктерек, Жылға және Жартытөбе ауылдық округтері әкімдерінің есептері тыңдалды.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың бақылауындағы шешімдердің орындалу барысы қаралып, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамына, аудандық мәслихаттың жұмыс жоспарына, ауданның 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына және әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында аудандық мәслихат депутаттары тарапынан бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы тұрақты бақылауда болатынын атап өтіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сессия қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамаларды қолдап, сессия жұмысына белсенді қатысқан мәслихат депутаттарына алғыс білдірді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі