Сарыағаш ауданында «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне» арналған мерекелік іс-шара жоғары деңгейде аталып өтті. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Түркістан облыстық филиалы төрайымының орынбасары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, сала ардагерлері мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет саласының қоғамдағы орны мен маңызына ерекше назар аударылды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жиынға қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, мемлекеттік қызметшілердің елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы еңбектерін жоғары бағалады.
Өз сөзінде аудан басшысы мемлекеттік қызметтің адалдық пен жауапкершілікті талап ететін маңызды сала екенін атап өтіп, азаматтардың сенімін ақтау әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті екенін жеткізді. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлерге ризашылығын білдірді.
Мерекелік жиында мемлекеттік қызмет жүйесінде жемісті еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және салалық кәсіподақтың марапаттары және арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Салтанатты іс-шара аясында мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар ант қабылдап, Қазақстан Республикасына және халқына адал қызмет етуге серт берді. Жиын соңы мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі