ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА КЕЗЕКТІ АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА КЕЗЕКТІ АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында кезекті кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды.

Ауқымды тазалық іс-шарасы барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік таңғы сағат 08:00-де басталып, оған аудан әкімі Арман Абдуллаев, қала және 13 ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер мен бөлімдердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, жастар және еріктілер белсенді қатысты.

Іс-шара барысында жол жиектері мен қоғамдық орындарда бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтар жиналып, арамшөптер шабылды. Сонымен қатар арық-атыз жүйелері тазартылып, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды.

Сенбілік аясында аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласының бірқатар көшелерін және «Қапланбек» кеден бекетінің маңын аралап, тазалық жұмыстарының орындалу барысымен танысты. Аралау барысында қала әкімі Айыпхан Ешанқұлға санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, қоғамдық орындардың тазалығын тұрақты бақылауда ұстау және абаттандыру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру, табиғатты қорғау мен тазалықты сақтаудың маңызын кеңінен насихаттау. Осындай игі бастамалар аудан аумағында тұрақты түрде жалғасып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлесін қоса береді.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі