Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриялық аймақ өңірдің өндірістік және инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында қарқынды дамып келеді. Мұнда жаңа өндірістік жобаларды іске асыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Осыған орай, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев индустриялық аймаққа барып, жаңадан басталған өндірістік нысанның құрылыс барысымен танысты. Өңір басшысы жобаның іске асу қарқынын көріп, жауапты сала мамандары мен кәсіпкерлік құрылымдарға инфрақұрылымдық қолдау көрсету, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және өндірістік нысандардың уақтылы іске қосылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда, Дарбаза индустриялық аймағында «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өсімдік майын өндіру бағытында табысты жұмыс жүргізуде. Кәсіпорын жергілікті шикізатты өңдеп, ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге үлес қосып отыр.
Индустриялық аймақтың дамуы шағын және орта бизнестің кеңеюіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аудан экономикасының әртараптандырылуына ықпал етуде. Алдағы уақытта да мұнда бірқатар жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі