Сарыағаш ауданында тұрғындардың мәдени-рухани әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Шеңгелді елді мекенінде салынып жатқан 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимараты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысанына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Нысанның құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынын бақылаған аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс талаптарының қатаң сақталуын, сапалы құрылыс материалдарының қолданылуын және жобаның уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Асар строй групп» мекемесі тарапынан ғимарат аумағын абаттандыру, сондай-ақ қажетті жиһаздар мен техникалық құралдарды орнату жұмыстары жүзеге асырылуда.
Жаңа мәдениет үйі мен кітапхана ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, мәдени шараларды өткізуге және жастардың білім мен өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл нысан ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосылған маңызды үлес болмақ.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі