САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ


Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ақ халатты абзал жандардың еңбегін ұлықтауға бағытталған мерекелік жиында денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, олардың қоғам алдындағы өлшеусіз еңбегі жоғары бағаланды.

Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы Асқар Болатов, ауданның бас дәрігері Бекзат Сланов, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты іс- шарада сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың халық денсаулығын сақтау жолындағы ерен еңбегіне жоғары баға берді.

– Әрбір мемлекеттің басты байлығы – оның азаматтары болса, адам үшін ең қымбат қазына – денсаулық. Осы орайда медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны әрдайым ерекше. Сіздер күн сайын адам өмірі мен денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, кәсіби шеберліктеріңіз бен тәжірибелеріңізді ел игілігі жолында жұмсап келесіздер. Аудан тұрғындары атынан денсаулық сақтау саласын дамытуға қосып отырған үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді ол.

Мерекелік жиын барысында аудан әкімінің орынбасары денсаулық сақтау саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерді Алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы да медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала ардагерлері мен үздік мамандарды Алғыс хаттармен, арнайы құрмет төсбелгілерімен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Салтанатты іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетсек, Медицина қызметкерлері күні Қазақстанда жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі