
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіне қарасты Жонарық елді мекенінде салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратының құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады.
Нысанды аралау барысында аудан басшысы құрылыс сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекемеге жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда нысанда ферма орнату жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде шатыр жабу, ғимараттың сыртқы қасбетін әрлеу және сыртқы инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру және сыртқы жоспарлау жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын «ST-SERVICE KZ» ЖШС-і жүзеге асыруда.
Жаңа мәдениет үйі мен кітапхана елді мекен тұрғындарының рухани-мәдени өмірін дамытуға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және мәдени іс-шараларды өткізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі