САРЫАҒАШ: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР АЙНАЛМА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БОЙЫНША ТАЛҚЫЛАУ ӨТТІ

САРЫАҒАШ: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР АЙНАЛМА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БОЙЫНША ТАЛҚЫЛАУ ӨТТІ


Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен аудан аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар «Сарыағаш айналма жолы» құрылысы жобасына қатысты жұмыс жиыны өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен жер қатынастары бөлімінің басшылары қатысты.

Кездесу барысында аталған жобаны тиімді жүзеге асыру, оның техникалық шешімдері мен құрылымына енгізілетін өзгерістер мәселелері талқыланды. Бұған дейін аудан басшысы жол өтетін аумақтардағы ауылдық округтер мен қала әкімдеріне, сондай-ақ жауапты сала мамандарына бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын.

Жиында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектерін ескеру мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты аудан әкімі 15 маусым күні «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұйымдастырған қоғамдық тыңдауда көтерілген өзекті мәселелерді назарға алып, оларды тиісті хаттамаға енгізуді жауапты сала басшыларына тапсырды.

Аудан басшысы жобаны іске асыру барысында халықтың мүддесі мен ұсыныстары ескеріліп, барлық жұмыстар заң талаптарына және белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуі қажет екенін атап өтті.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі