Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі ретінде Дарбаза ауылдық округінде екі жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев жұмыс сапары барысында аталған нысандардың құрылыс сапасымен танысып, тұрғындар үшін жасалып жатқан жағдайларды көрді. Жаңа ойын алаңшалары ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен өтініштері негізінде салынып, бүгінде бүлдіршіндердің игілігіне қызмет етуде.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған алаңшаларда балалардың қауіпсіз әрі алаңсыз демалуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда түрлі ойын кешендері, сырғанақтар, әткеншектер, карусельдер және дене шынықтыруға арналған спорттық құрылғылар орнатылған. Нысандардың айналасы абаттандырылып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес жұмсақ жабын төселген. Аталған жобаның құрылыс жұмыстарын жеке кәсіпкер BALAGAMEKZ жүзеге асырды. Балалар ойын алаңшалары аудандық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Жалпы, биыл Дарбаза ауылдық округіне қарасты шалғай орналасқан елді мекендердің бірінде тағы бір балалар ойын алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Сонымен қатар, аудан басшысы ауылдық округ аумағындағы өзге де инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Қазіргі таңда Дарбаза елді мекеніндегі Аубакиров көшесіне ұзындығы 900 метр болатын шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жобаны жеке кәсіпкер «Қасымов» жүзеге асырды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі