ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШТА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШТА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Халқымыз «Тазалық – саулық негізі» деп бекер айтпаған. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Сарыағаш ауданында жүйелі түрде ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылуда.
Кезекті сенбілік барысында аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, елді мекендердің ішкі көшелері тазартылып, бейберекет тасталған қоқыстар жиналды. Сондай-ақ жол жиектеріндегі шөптер шабылып, ағаштардың түптері әктеліп, арық-атыздар мен су өткізу арналары тазаланды. Жиналған қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен белгіленген қоқыс полигондарына шығарылды.
Тазалық іс-шарасы таңғы сағат 08:00-ден бастап аудан бойынша белгіленген барлық бөлінген аумақтарда бір мезгілде жүргізілді. Сенбілік жұмыстарына аудан әкімі Арман Абдуллаев бастаған мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілер белсенді қатысып, тазалық шараларына өз үлестерін қосты. Іс-шара барысында аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне тазалық жұмыстарын сапалы әрі үйлесімді ұйымдастыруды тапсырды.
Туған жердің тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Әр азамат өз ауласы мен айналасын таза ұстаса, бұл ауданның көркеюіне және экологиялық мәдениеттің қалыптасуына қосылған зор үлес болмақ.
Барша аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты аялауға және тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырамыз!
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі