Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Азаматтарды қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары және жауапты сала мамандары қатысты.
Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік салаға қатысты , тұрғын үй, жер қатынастары, жол және өзге де жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Әрбір өтініш бойынша жан-жақты талқылау жүргізіліп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірулер берілді.
Аудан басшысы азаматтардың көтерген мәселелеріне мұқият тоқталып, тұрғындармен ашық әрі сындарлы пікір алмасты. Сонымен қатар шешімін табуды қажет ететін мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетсек, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылу Сарыағаш ауданы әкімдігі аппаратының жалпы және әкімшілік бөлімі арқылы жүзеге асырылады. Азаматтар сондай-ақ eGov.kz порталы, e-Otinish платформасы немесе жазбаша өтініш беру арқылы қабылдауға тіркеле алады. Қосымша ақпарат үшін байланыс телефоны: +7 (72537) 7-97-13.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі