САРЫАҒАШ: МӘДЕНИЕТ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН КІТАПХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

САРЫАҒАШ: МӘДЕНИЕТ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН КІТАПХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Сарыағаш ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Аталған міндеттер аясында аудан аумағында мәдениет, білім және әлеуметтік нысандардың құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

 

Соның бірі – Тегісшілдік ауылдық округіне қарасты Мәдениет елді мекенінде салынып жатқан 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимараты. Бұл жоба ауыл тұрғындарының мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыруға және жас ұрпақтың кітап оқуға, шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

 

Аудан әкімі Арман Абдуллаев «Мәдени объектілерді дамыту» бағдарламасы аясында аталған құрылыс нысанына барып, жұмыстардың барысымен танысты. Мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң сақтау, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау және нысанды толық дайын күйде тапсыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

 

Қазіргі таңда нысанда сыртқы әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар ғимаратты қажетті жиһаздармен және жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылуда. Құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.

 

Жобаның мердігері – «Строительная компания «Люкс сервис» ЖШС. Тапсырыс беруші – Сарыағаш аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі