Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіне қарасты Ташқұлақ елді мекенінде орналасқан «Балдәурен» балаларды жазғы сауықтыру орталығына арнайы барып, жаңа сауықтыру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысы орталықтың материалдық-техникалық базасын, демалушыларға арналған жатын орындарды, асхана, медициналық пункт және мәдени-спорттық нысандардың жай-күйін аралап көрді. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитарлық талаптарды сақтау, өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Орталық басшылығы тарапынан жазғы маусымда балалардың сапалы демалысын ұйымдастыру үшін жүргізілген дайындық жұмыстары жөнінде баяндалып, алдағы жоспарлар таныстырылды. Аудан әкімі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың денсаулығын нығайтуға және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, жауапты сала мамандарына орталықтың толық дайын болуын қамтамасыз ету, қызмет көрсету деңгейін арттыру және қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Айта кетсек, «Балдәурен» балаларды жазғы сауықтыру орталығы жазғы демалыс кезеңінде аудан және өңір балаларының бос уақытын тиімді өткізуге, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі мәдени-танымдық іс-шараларды ұйымдастырады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі