САРЫАҒАШ: АҚЖАР ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ АУЫЗ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ

САРЫАҒАШ: АҚЖАР ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ АУЫЗ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ

Сарыағаш ауданы аумағында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Ақжар ауылдық округінде ауыз су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.

 

Аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар елді мекенінде салынып жатқан ауыз су нысанының құрылыс барысымен арнайы танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен орындалу қарқынын бақылауға алды. Сондай-ақ жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстарды белгіленген талаптарға сай әрі мерзімінде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Қазіргі таңда елді мекен аумағында су қоймасын қоршау, диаметрі 110 мм және 160 мм болатын ауыз су құбырларын жүргізу, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық ауыз су құбыры тартылып, 150 дана су құдықшасы орнатылған. Жобаны толық жүзеге асыру нәтижесінде Ақжар елді мекеніндегі шамамен 7 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартуға оң ықпал етпек. Аталған жобаның мердігер мекемесі – «САҚ-ҚҰРЫЛЫС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 50 пайызы орындалған.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі