Сарыағаш ауданында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында Ақжар және Дихан баба елді мекендерінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған елді мекендерге арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады. Нысандарды аралау барысында аудан басшысы құрылыс сапасына, жұмыс қарқынына және белгіленген мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Аудан әкімі халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған мұндай әлеуметтік маңызы бар жобалардың ел игілігі үшін жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, құрылыс жұмыстары жоғары сапада орындалуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және сапалы медициналық қызмет көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтты.
Қазіргі таңда медициналық нысандарда кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артып, алғашқы медициналық қызметтердің қолжетімділігі кеңейе түседі.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі