4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Сарыағаш ауданында «Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көкке көтеріліп, еліміздің Әнұраны орындалды.
Іс-шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шермат Ибрагимов, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, спортшылар, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиында аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, Ту, Елтаңба және Әнұранның тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтары мен егемендігінің нышаны екенін атап өтті.
– Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұғыры, егемендігіміздің айғағы және ұлттық бірлігіміздің символы. Оларды құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Еліміздің өсіп-өркендеуі жолында бірлігіміз нығайып, ынтымағымыз арта берсін. Қазақстанымыздың мәртебесі асқақтап, мемлекеттік рәміздеріміздің беделі әрдайым биік болғай! – деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен сала үздіктері марапатталды.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шермат Ибрагимов тұрғындарды мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің ел тарихындағы орны мен жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызына тоқталды.
Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған патриоттық бағыттағы концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі