САРЫАҒАШ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫСТАРДА ТОП ЖАРҒАН СПОРТШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

САРЫАҒАШ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫСТАРДА ТОП ЖАРҒАН СПОРТШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

 

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары жетістіктерге жеткен аудан спортшыларын арнайы қабылдап, оларды жеңістерімен құттықтады.

Кездесу барысында аудан басшысы спортшылардың табандылығы мен қажырлы еңбегі ауданның ғана емес, ел абыройын асқақтатып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, спортшыларға алдағы додаларда да сәттілік тілеп, олардың жетістіктері жас буынға үлгі екенін жеткізді.

2026 жылдың 15–21 мамыр күндері Талдықорған қаласында өткен тоғызқұмалақтан ардагерлер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасының жекелей чемпионатында Мұхит Сманов үздік өнер көрсетіп, ел чемпионы атанды.

Сондай-ақ, Бақдәулет Ізбасар дзюдо күресінен халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, 2026 жылдың 4–5 сәуір күндері Әзірбайжан Республикасының Ганжа қаласында өткен Еуропа кубогында 55 келі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алса, 16–17 мамыр күндері Польша Республикасының Биелско-Бяла қаласында өткен Еуропа кубогында аталған салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды. Жас спортшының жаттықтырушысы – №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Абдуалиев Елдос Ертайұлы.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі