САРЫАҒАШ: АҚЖАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

САРЫАҒАШ: АҚЖАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

 

 

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне арнайы барып, инфрақұрылыммен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын пысықтады. Аудан басшысы жүргізілген құрылыс және абаттандыру жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, анықталған кемшіліктерді уақытылы қалпына келтіру бойынша жауапты мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, аталған жұмыстарға тұрақты бақылау жүргізуді Ақжар ауылдық округінің әкімі Серік Спатаевқа тапсырды.

 

Бүгінде Ақжар елді мекеніне қарасты 7 көшеде заманауи талаптарға сай көше жарықтандыру жұмыстары толық жүзеге асырылды. Аталған жобаның мердігер мекемесі – «Kokshe Bereke» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында басталып, белгіленген мерзімде толық аяқталды. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын аумаққа 170 дана жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды. Жоба аудандық бюджет есебінен қаржыландырылды. Тапсырыс беруші - Ақжар ауылдық округі әкімінің аппараты.

 

Сонымен қатар, аудан әкімі Қазығұрт ауданымен шектесетін аумақта орналасқан ауданның кіреберіс қақпасы – төлқұжат нысанын жаңғырту жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда нысан аумағында іргетасын құю жұмыстары жүргізіліп, баспалдақ құрылысы аяқталуға жақын. Нысанға арналған жазуды орналастыру жұмыстары толық аяқталып, қазіргі таңда тас қаптау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі