
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, ауданның 19 тұрғынын қабылдады. Кезектілік тәртібімен ұйымдастырылған қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары қатысып, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын жан-жақты қарастырды.
Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік сала, тұрғын үй, инфрақұрылым және өзге де жеке мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді. Аудан әкімі алдымен ғимараттың бірінші қабатына түсіп, тұрғындармен тікелей жүздесіп, олардың талап-тілектерін мұқият тыңдады.
– Біздің басты мақсатымыз – қабылдауға келген азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын заң аясында қарап, мүмкіндігінше оң шешілуіне ықпал ету. Әрбір мәселе заң талаптарына сәйкес қарастырылуы тиіс, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Қабылдау барысында бірқатар тұрғындарға заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, кейбір мәселелерді шешу мақсатында тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар аудан басшысы әрбір өтініш бақылауда болатынын және тұрғындардың мәселелері назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Айта кетейік, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының жалпы және әкімшілік бөлімі жүзеге асырады. Қабылдауға eGov.kz порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе аудан әкімдігіне жазбаша өтініш беру арқылы жазылуға болады.
Қосымша ақпарат үшін байланыс телефоны: +7 (725 37) 7-97-13.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі