САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА КӨГАЛДАНДЫРУ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА КӨГАЛДАНДЫРУ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА


Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласы аумағында жүргізіліп жатқан көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен танысу мақсатында қала аумағын аралады. Аудан басшысы қала әкімдігі аппаратына бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын саралап, қала әкімі Айыпхан Ешанқұлға нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар, қала келбетін жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, абаттандыру жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде орындалуы қажеттігін атап өтті.

Атап айтқанда, аудан әкімі Сарыағаш қаласы арқылы өтетін республикалық маңызы бар А-15 автожолы бойындағы абаттандыру жұмыстарының жүзеге асырылу барысын бақылады. Қазіргі таңда жол жиегіне отырғызылған жасыл желектер мен қоршау гүлдерін күтіп-баптау, суғару және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Сарыағаш қаласының аумағында заманауи суғару жүйелерін орнату және көше жарықтандыру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қолға алынған. Суғару жүйелері арнайы моторлы құрылғылар арқылы іске қосылып, жасыл желектердің уақытылы күтім алуына мүмкіндік жасалуда.

Айта кетсек, Сарыағаш қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында көгалдандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі