САРЫАҒАШ: «БІЗ – МӘҢГІЛІК ЕЛ ҰЛАНДАРЫМЫЗ» АТТЫ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ САЙЫС ӨТТІ

САРЫАҒАШ: «БІЗ – МӘҢГІЛІК ЕЛ ҰЛАНДАРЫМЫЗ» АТТЫ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ САЙЫС ӨТТІ


Сарыағаш ауданында аудан әкімінің кубогы үшін жастар арасында «Біз – Мәңгілік Ел ұландарымыз» атты әскери-патриоттық сайыс ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, әскери дайындыққа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Сайысқа аудан аумағындағы қала және ауылдық округтерден келген 9–10–11 сынып оқушыларынан құралған 12 команда қатысты. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынап, ептілік пен шапшаңдықтарын, күш-қайраттары мен әскери дайындық деңгейлерін көрсетті. Атап айтқанда, сайыс барысында АК-74 қаруын бөлшектеу және жинақтау, тирде ату, жеке қорғаныс костюмін уақытқа кию, белтемірге тартылу, іш прессіне жаттығу, садақ ату және арқан тартыс секілді кезеңдер өткізілді.

Сайыс ережесіне сәйкес әр кезең бойынша жинақталған ұпайлар есептеліп, нәтижесінде үздік командалар анықталды.

Іс-шара барысында қатысушыларға сәттілік тілеген қонақтар қатарында Шермат Ибрагимов, Жәнібек Бекқалиев және аудандық білім бөлімінің әдіскері Бекжан Балабеков болды. Олар жастарға елін, жерін сүюдің маңыздылығын айтып, әскери-патриоттық тәрбиенің қоғамдағы рөліне тоқталды.

Қорытынды нәтижеге сәйкес І орынды Сарыағаш қаласының командасы иеленсе, ІІ орын Ақжар ауылдық округінің командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Құркелес ауылдық округінің командасы қанжығасына байлады.

Сайыс соңында “Жастар ресурстық орталығының” басшысы Нұрғали Отаров жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларды құттықтап, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі