Сарыағаш ауданында жастар арасында «Қоғам. Жастар. Болашақ» тақырыбында аудан әкімінің кубогы үшін ұйымдастырылған жайдарман ойындарының финалдық кезеңі жоғары деңгейде өтті. Аталған мәдени-көпшілік шара жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, сахна мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ тапқырлық пен шешендік өнерін дамытуға бағытталды.
Финалдық кезеңге жолдама алған командалар екі кезең бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, қатысушылар «Сәлемдесу» және «Жұлдызбен үй тапсырмасы» кезеңдерінде өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кеш барысында ауданның жас жайдарманшылары танымал жайдарман жұлдыздарымен бірге бір сахнада өнер көрсетіп, өздерінің актерлік шеберлігімен, ұтымды әзілдерімен және сахнадағы еркіндігімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жастардың қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл арқылы жеткізуі көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
Іс-шараны қорытындылаған Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жастарды белсенділікке, шығармашылық ізденіске баулуда жайдарман ойындарының маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар аудан басшысы жастарға қолдау көрсету аудан әкімдігі тарапынан әрдайым назарда болатынын жеткізіп, финалист командаларға алдағы уақытта да сәттілік тіледі.
Финалдық сайысқа жалпы 4 команда қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Кештің арнайы қонақтары ретінде жайдарман жұлдыздары Ерболат Заркумов, Наурызбек Рысымов, Нұрсұлтан Үсенов, Құдияров Бақытжан және Әли Уали қатысып, жастарға ерекше әсер сыйлады.
Қазылар алқасының шешімімен:
🏆 Бас жүлде — дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының «Triple D» командасына;
🥇 І орын — Қ. Тоқмұхамбетов атындағы мектептің «36 құрамасы» командасына;
🥈 ІІ орын — №30 С. Торайғыров атындағы мектептің «JJJ» командасына;
🥉 ІІІ орын — №80 «Келешек» мектебінің «Zero» командасына бұйырды.
Жеңімпаз командалар аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі