Сарыағаш ауданы аумағында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы ретте аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес, Көктерек және Ақжар ауылдық округтерінде жүргізіліп жатқан ауыз су нысандарының құрылыс жұмыстарымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын саралады.
Аудан басшысы жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды, жұмыстарды бекітілген кестеге сәйкес мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда, Құркелес және Көктерек ауылдық округтерінде магистральды ауыз су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын жоба аясында бүгінгі күнге дейін 11 шақырым ауыз су құбыры тартылған. Құрылыс жұмыстары Көктерек кенті мен Құркелес ауылдық округі аумағында жалғасуда.
Аталған жоба толық іске асырылған жағдайда Дархан, Нұрлы жол, Еңкес, Құлтума, Таскескен, Тегісшіл, Мәдениет, Жылысу, Жаңаталап, Береке елді мекендері және Көктерек кентінің тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Қазіргі таңда елді мекендердің ішкі инженерлік жүйелері аяқталып, магистральды жүйені тарту және орталық жүйеге қосу жұмыстары атқарылуда. Жобаның мердігері– FS Development Group ЖШС. Тапсырыс беруші – ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Сонымен қатар, аудан әкімі Ақжар ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады.
Бүгінде нысанда су қоймасын қоршау, диаметрі 110 мм және 160 мм болатын ауыз су құбырларын жүргізу, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары атқарылуда. Жалпы бүгінге дейін 30 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 150 дана су құдықшасы орнатылған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталған. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда Ақжар елді мекеніндегі 7 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Аталған жобаның мердігері – «САҚ-ҚҰРЫЛЫС» ЖШС.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі.