Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дархан, Бостандық, Ақжар және Дихан баба елді мекендерінде салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты. Нысандарды аралау барысында аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін заманауи талаптарға сай нысандар салудың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінде аудан аумағында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған медициналық нысандардың құрылысы басты назарда. Сондықтан ауылдық округ әкімдері мен мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстарды сапалы жүргізуді, сондай-ақ қолданылатын құрал-жабдықтардың сапасына ерекше мән беруді тапсырамын, – деді аудан әкімі.
Қазіргі таңда, Көктерек ауылдық округіне қарасты Дархан елді мекенінде медициналық нысанның іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Жартытөбе ауылдық округіндегі Бостандық елді мекенінде және Ақжар ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы жүргізіліп, кірпіш қалау жұмыстары атқарылуда. Ал, Жібек жолы ауылдық округіндегі Дихан баба елді мекенінде медициналық нысанның жер жұмыстары қолға алынған.
Айта кетсек, аталған нысандардың құрылысы белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, уақытылы пайдалануға беру көзделуде.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі