Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласындағы «Самал-3» шағын ауданын ауыз сумен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударып, барлық жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң тапсырды. Сонымен қатар, құрылыс барысында туындайтын өзгерістерді жедел қарастыру үшін техникалық кеңес ұйымдастыруды жүктеді.
Жоба аясындағы құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап, айтқанда:бастапқыда ауыз су жүйесінің негізгі инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында әртүрлі диаметрдегі (110, 160, 180, 225, 250, 280 мм) су құбырларын тарту жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың шамамен 60 пайызы орындалды. Келесі кезеңде су қорын жинақтау және тұрақты қысымды қамтамасыз ету үшін су қоймаларының құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 2000 м³ көлеміндегі су қоймасының бетондау жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар, 6000 м³ негізгі су қоймасы аумағында «Самал-3» шағын ауданына арналған қосымша 2000 м³ су қоймасы салынуда. Сондай-ақ, су беру жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін екінші көтерілімдегі сорғы станциясының ғимараты салынуда. Бүгінде, аталған нысанда бетондау жұмыстары жүргізілуде. Келесі кезекте, инженерлік инфрақұрылымды толық қамтамасыз ету мақсатында жеке трансформатор қондырғысын орнату және дизельді генератормен жабдықтау жұмыстары қарастырылған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі