САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

 

 

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Көктерек кентінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстарының нәтижесімен танысты. Кездесу барысында тұрғындар көгілдір отынның қосылғанына ризашылықтарын білдіріп, атқарылған жұмыстарға алғыс айтты.

 

– Біздің басты міндетіміз – халыққа сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау. Осы орайда елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – негізгі басым бағыттардың бірі. Басталған әрбір жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізетін боламыз, – деді Арман Абдуллаев.

 

Айта кетсек, Көктерек ауылдық округіне қарасты Көктерек кентінің жаңа тұрғын үй аумағы табиғи газбен қамтылды. Атап айтқанда, Жасқанат, Қонаев, Бірлік, Тұран, Самал, Көктерек, Түркістан, Ұлытау, Жібек жолы, Береке, Отырар, Бәйтерек және Керуен көшелерінде газдандыру жұмыстары жүргізілді. Жобаның тапсырыс берушісі – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, ал мердігер мекеме – «Ынтымақ-ОК» ЖШС. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жұмыстары жалғасуда. Жалпы, 2820 тұрғынды көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Қызмет көрсетуші мекеме – «Келес Трансгаз» ЖШС.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі