САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттарды іске асыру аясында елімізде заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға ерекше мән берілуде. Осыған сәйкес, барлық деңгейде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

 

 

 

Аталған бастамаларды қолдау мақсатында Сарыағаш ауданында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге арналған «Ашық есік күні» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласы заң консультанттары палатасының төрағасы Құдайберген Оралбай бастаған білікті заң консультанттары және Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының мамандары және аудандық “AMANAT” партия филиалының атқарушы хатшысы Шермат Ибрагимов арнайы қатысып, аудан тұрғындарына тегін құқықтық кеңес берді.

 

 

Акция барысында азаматтар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша сауалдарын қойып, нақты әрі жан-жақты жауаптар алды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заң аясында мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.

 

 

Іс-шараның өту барысын Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бақылап, аудан тұрғындарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы қажырлы еңбектері үшін заң консультанттарына алғысын білдірді. Сондай-ақ, бірқатар мамандарға аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.

 

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі