Сарыағаш ауданы аумағында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық басымдықтардың бірі. Аталған бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Тегісшілдік ауылдық округіне қарасты Мәдениет елді мекенінде салынып жатқан 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимараты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев «Мәдени объектілерді дамыту» бағдарламасы аясында аталған елді мекенде бой көтеріп жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударудың маңыздылығын атап өтіп, жауапты мамандарға жұмыстарды белгіленген талаптарға сәйкес және сапалы түрде орындауды қатаң ескертті.
Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу және кафель төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Нысанның мердігері – «Строительная компания «Люкс сервис» ЖШС. Тапсырыс беруші – ауданның құрылыс және сәулет, қала құрылысы бөлімі.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі