Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев «Жібек жолы» шекара маңындағы инфрақұрылымды жүйелеу, қызмет көрсету орындарын ретке келтіру, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ нысандардың қасбеттерін біріздендіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Ауылдық округ әкімі мен жауапты сала басшыларына тиісті міндеттер жүктеліп, нақты ұсыныстар айтылды. Атқарылатын жұмыстардың мерзімі белгіленіп, хаттамаға енгізілді.
-Шекараның өткізу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – шекара аймағында тәртіп орнату. Заңсыздыққа жол бермеу, қауіпсіздік пен тазалықты сақтау – негізгі міндет. Кәсіпкерлерді де қолдап, олардың заң аясында жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз қажет. Бірақ барлық қызмет тек заң талаптарына сай болуы тиіс. Жаппай заңсыздықтың жолын кесу оңай болмайды, белгілі бір кедергілер кездесуі мүмкін. Соған қарамастан, біз бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Заңсыз салынған нысандар міндетті түрде бұзылады. Ақша айырбастау қызметімен айналысатындар лицензия алып, заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуі тиіс. Көше бойындағы бей-берекет сауда орындарында санитарлық талаптар сақталмайды. Қирағалы тұрған немесе рұқсатсыз салынған нысандар қарапайым халыққа қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан екі ел арасындағы қақпа аумағын толық ретке келтіруге күш саламыз. Бұл аумақты абаттандырып, заманауи талаптарға сай қалыптастырамыз, – деді Арман Абдуллаев.
Қазіргі таңда «Жібек жолы» кеден бекетінің маңында орналасқан пайдаланудағы және салынып жатқан заңсыз нысандарды анықтау, құқықбұзушылықтардың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылдан бері облыстық бақылау жөніндегі басқармамен бірлесіп жүргізілген тексерулер нәтижесінде бірқатар құрылыс нысандарында заң бұзушылықтар анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, заңсыз құрылыс нысандарын бұзу бойынша сот органдарына талап-арыздар жолдануда. Алайда кей жағдайларда сот шешімдері тек айыппұл салумен шектелуде. Осыған байланысты уәкілетті басқарма сот қаулыларымен келіспей, прокуратура органдарына тиісті хат жолдаған. Жалпы, шекара маңындағы заңсыздықтарды жою және тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Сонымен қатар, аудан басшысы «Жібек жолы» өткізу пунктіне барып, реконструкция жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, нысанды мерзімінде тапсыру қажет екенін атап өтті.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі